Көкжиде орта мектебі 1929 жылы кешегі кеңестік кезеңдегі еліміздің жаппай сауатсыздығын жою (ликбез) мақсатында «Дәркембайдың тамы» деген жерде ашылған. Мектеп ашуда сол кезгі осы өңірдің ауқатты тұрғыны Көпбай мырзаның сіңірген еңбегі мол. Ол алдымен елдегі білімге бейім Бекбауыл атты адамды араб еліне қажылыққы жіберіп, сол жерде оқып білім алуын ұйымдастырған. Өзі мол қаржы шығарған. 4 жылдай араб жұртшылығында білім алған Бекбауылдың қайтуына да қомақты қаржы беріп,елге қайтуына ықпал жасаған екен. Алғашқы ашылған мектепке осы Бекбауыл молда тағайындалған. Кейін 1934 жылы бастауыш білім беру бағытында Көкөзек ауылдық кеңесінде «Өлеңдіқақ» деген жерде қайта құрылды. Бұл жылы мектеп басшылығын әрі мұғалімдік қызметті қатар атқаруға Ақылбай Бұлғақбаев тағайындалды.
Мектеп 1937 жылы «Қызылту» колхозына «Қызылту» бастауыш мектебі болып ауысып көштібайланысты бүгінде «Ескі Көкжиде» аталатын жерге көшірілді. Қазіргі Көкжиде елді мекеніне 1959 жылы қайта қоныстанған ауылда да мектеп өзінің білім беру ісін жалғастырды. 1969 жылы Көкжиде елді мекенінде «Қызылту» сегіз жылдық мектебі боп қайта құрылды, ал 1995 жылдан «Көкжиде орта мектебі» болып аталады. Бүгінгі күнге дейін 93 жылдық тарихы бар мектепті әр жылдары аудан тарихында өзіндік орын алатын аудан мұғалімдері арасынан тұңғыш рет филология ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Есберлі Көшербаев, қоғам қайраткерлері дәрежесіне дейін көтерілген Серғазы Берікбалаев КСРО білім беру ісінің үздігі С.Төлепбергенов т.б теориялық білімі терең, талантты басшылардың, сондай-ақ аудан бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ең үздік көшбасшысы мұғалімі атанған Жақаш Басшыбаев, талантты химик атанған Исан Мәдиұлының, математика пәнінің білімі терең мұғалімі Арынбай Маралбеков т.б ұлағатты ұстаздардың еңбек еткенін мектеп ұжымы әрдайым мақтан етеді.